Биыл Маңғыстау облысынан 58 оқушы IQanat олимпиадасының финалына қатысу үшін Алматы қаласына жолға шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Финалға 1 000-нан астам оқушы Қазақстанның барлық өңірінен келеді. Олар - іріктеудің бастапқы кезеңдеріне қатысқан 60 мыңнан астам бала арасынан топ жарып, алғашқы екі кезеңнің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткендер. Үздіктер арасында 58 маңғыстаулық оқушы бар. Атап айтқанда Мұнайлыдан 21 оқушы, Түпқараған ауданынан - 15, Қарақия ауданынан - 3, Маңғыстау ауданынан - 7 және 12 оқушы Бейнеуден бара жатыр.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, ақтық сында барлық шығын толық өтелетін Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында кімнің оқитыны, сондай-ақ ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға қарқынды дайындау жүргізіліп, ағылшын тілі оқытылатын Олимпиададан кейінгі үшжылдық тегін сүйемелдеуге қабылданатыны анықталады. Ақтық сын бір аптаға созылады.
Еске салайық, IQanat – қазақстандық кәсіпкерлердің Қазақстанныңбарлық өңірінде ауыл оқушыларын қолдауға бағытталғанәлеуметтік-білім беру жобасы. Осы жобаның нәтижесінде оқушылардың 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түседі. Қазір жоба түлектері әлемнің 15 елінде оқиды.